Басты бет Өлең-жыр Мұрат Шаймаран. Айбергеновтың ақырғы монологы

Мұрат Шаймаран. Айбергеновтың ақырғы монологы

Author

Date

Category

«…көбінде мақамды, әуезді қарақалпақ әні «Аму дарияны» шырқай жөнелетін. Жаңағы өрік ағаштан жасалған домбыраны он бір жыл ұстады. Тек өзі қайтыс болатын жылы сол домбыраны абайсызда сындырып алдық…»

Үрниса Айбергенованың сұхбатынан

Аһ, Үрниса,
Жалын толы кеудем бұл,
Самарханнан сырнайлатқан керуен-жыр.
Жез қоңырау үніндей-ақ сыңғырлап,
Тым алыстап бара жатыр, енді, өмір.

Аһ, Үрниса, тамырымда қан тулап,
(Өмір солай, тулап барып сарқылмақ.)
Өлі дала шырайына нұр беріп,
Мен көктеммін өте шыққан жарқылдап.

Бұл пәниге кімдер келіп,
Кім жасар?!
Мен өтермін, қабырымды гүл басар.
Бір жалт етіп сөнген шырақ секілді,
Аһ, Үрниса,
Халым менің тым нашар.

Апай төсін жатқан дала күн қақтап,
Ақ көбігі аққан өзен бұрқақтап.
Қош бол енді,
Күлімдеген қыз-өмір,
Кәмшат бөркі бұлғақтап.

Жырдың мәнін,
Жылдың сәнін тауыспай,
Тұра алмадым ағындарға дара ұшпай.
Аһ, Үрниса,
Мен өтермін,
Өтермін,
Жартастарға сіңіп кеткен дауыстай.

Қарт тауларға көп қараймын тігіле,
Сөйлейді олар маған адам тілімен.
Жаңғырығып қайта келем мен саған
Жасын ойнап,
Дауыл тұрған күні мен.

Ақ қайыңның жапырағы боп тұрармын,
Ақжайық пен Атырауым боп тұрармын,
Басыңдағы ақыл, арын боп тұрармын
Қасыңдағы батыл ағын боп тұрармын,
Әр сөзіңде жырың болып оқылып
Һам көзіңде мұңың болып тұнармын.

Батам, енді, көкжиекке күнге еріп,
Жатам сосын табиғатқа тіл беріп.
Ғарыш-көкте жұлдыздарды серік қып,
Мәңгіліктің құшағына бірге еніп…

Өлім өзі қасіретті қаншама?!
Би билеймін, алдында оның ән салам.
Аһ, Үрниса, байтақ қазақ жерінен
«Бір тойым боп…» ораламын мен саған.

***
Тамыз айы, кешкі шапақ қырмызы,
Бірақ мені мазалайды түнгі ызың.
Аму дария,
Саған ғашық болдым мен,
Маған ғашық болды сенің бір қызың.

Аму дария, жағаңда отырып мұң құштым,
Сенсіз ешкім ұғынбайды сырды ішкі.
Иірімің шымыр-шымыр қағады,
Низамидың шарабындай тым күшті.

Сенсің менің таусылмайтын ариям,
Мен боп сөйле,
Жалғандыққа мойыма!
Тал бойымда тулап жатқан қан емес,
Сенсің, Аму дария!

Сен сұлусың, сұлу болса бұл ғалам,
Сен болмасаң қуат берер кім маған?!
Көзге сыйған мынау нұрлы дүние,
Құшағыма сыймайды ғой сол жаман.
Әйтпегенде мен өзіңді көтеріп
Жүрер едім бір ғана…

Менің жаным-шағалаң боп көрінген,
Ақ моншағың-менің жасым төгілген.
Сен керексің ертеңгілер үшін де,
Әйтпегенде, алып кетер едім мен.

Тәңірімдей табынатын Ұлы анам,
Сен берік бол, сен ешқашан жылама!
Ақыныңның аманатын сен сақта,
Әйтпегенде, ұмытшақтау бұл адам.

Аму дария, білесің бе?!
Ақжайықтан ұшқан жырдың құсы аппақ,
Жеттім саған жалғыз болмау үшін мен
Домбырамды құшақтап.

Жырақтарға-тілсімдердің мекені,
Күлгенің мен күрсінгенің жетеді.
Домбыраның екі ішегі секілді,
Аму-Жайық екеуі.

Мен сендерді бір шанаққа сыйдырып,
Шерттім ұзақ мұңды-сазды күй қылып.
«Мен сендерді алдамаймын…» өзендер,
Ұлың болып маңдайыңнан сүйдіріп,
Тұрам солай адалдығымды сый қылып.

Мен халқымның сағынышында жүрем тек,
Рухым қайта оралады күні ертең.
Сендер барда мен тірімін, тірімін,
Сендер барда шөліркемес Ұлы өлкем.

Аму-Жайық, мені өсірген жыр бесік,
Амалым не, жолымды ажал тұр кесіп.
Бір-біріңе асығасыңдар-ау
қарсы ағып,
Менің даңқым арқылы үнсіз тілдесіп.

Егіз дария-менің егіз ғұмырым,
Жер-ананың екеуі екі бұрымы.
… Сынды домбыра, сынды, сынды,
Білемін,
Емес, әсте, жақсылықтың ырымы.

Бітті бәрі, маған зауал жеткендей,
Жұмақ шағым қайырылмастан өткендей.
Көкірегіме шер байланды қаншама,
Домбыра емес, сендер сынып кеткендей.

Аму-Жайық, мені өсірген жыр бесік,
Амалым не, жолымды ажал тұр кесіп.
Бір-біріңе асығасыңдар-ау
Қарсы ағып,
Менің даңқым арқылы үнсіз тілдесіп.
ҚОШ БОЛ ЕНДІ…

1 Пікір

  1. Ақын, педогог бауырым М. Шаймаран,
    “Айбергеновтың ақырғы монологы” атты ғажап шабыт пен мөлдір сезім үндескен, көркемдік салтанат құрған үлкен ойлылықтан туған толғанысыңды ждағатпен оқып, құдды ұлы ақынның жарына ақтарып жатқан хоштасуын қастарында отырып тыңдағандай күй кештім! Аму-Жайықтың Айбергенов аманатындай немесе сеніміндей болған жырың айтқан бір-біріне қарсы аққанын көрерме едік деген ойға бата бердім. Жырларыңның өзгеше бітімдегі сыршылдығы сүйіндіре бергей!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Linda Barbara

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Vestibulum imperdiet massa at dignissim gravida. Vivamus vestibulum odio eget eros accumsan, ut dignissim sapien gravida. Vivamus eu sem vitae dui.

Recent posts

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС (Ермұрат Зейіпханұлының қазасына) ...Тірлік солай тәмамдалады екен ғой, Ғаріп дүние қаран қалады екен ғой. Ажал деген өле сүйген өмірді Адамды алады екен ғой. Охо, менің ай маңдайым,...

Мұрат Шаймаранның мерейтойлық жыр кеші өтті

Алматы қарашасының соңғы жұмасы, кеше Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай...

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов лауреат атанды

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов Нәжімеденов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды Бүгін Қазақстан жазушылар одағында Атырау облысы мен Жазушылар одағы бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия...

Ұмтыл Зарыққан. Жасыл түнмен тысталған кітап

Жақсы көріп оқитын жазушыларымның бірі Орхан Памуктің «Бір күні өмірімді өзгерткен кітап оқыдым» деп ақтарылғаны бар. Ауыр ма, жеңіл ме? Жақсы ма, жаман ба?...

Жолдасбек Мамбетов. Мұрат Шаймаранның лирикасы

Еліміз тәуелсіздік алғасын атамекен Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып,...

Recent comments