Басты бет Ақын туралы сөз Мен армандаған үш қаламгер

Мен армандаған үш қаламгер

Author

Date

Category

Жат елде жүріп, ата-жұрттың топырағы мен жұпар ауасын аңсаған сәттерде, балаң көңілдің көгершінін қалықтатқан тәтті – тәтті қиялдар болған еді. Сол кезде менің көңіліме ұялаған бір қиял Қазақстанға  барғанда,  қазақтың үш қаламгеріне жолықсам деген аңсауға ұласатын. Ол қаламгерлер:  жазушы Рахымжан Отарбаев, ақын Маралтай Райымбек және Мұрат Шаймаран  болатын.

Ол кездері аудандық кітапханаға «Қандай жаңа кітаптар келді?» деп міндетті түрде келіп тұратынмын. Қарлығаштың қанатымен сепкен әбілхаят суындай, Қазақстан жазушыларының кітаптары мені қызықтыратын. Бір күні «Шинжияң радиосы» Қазақстанның жазушысы Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» деген кітабы Қазақ тілінде баспадан шыққандығын хабарлады. Ал, жаңа кітаптың шыққанын естіген соң, ол кітапты алмайынша көңлім байыз таппайтын. Сөйтіп, іздеп жүріп, сырты көк түсті кітапты сатып алдым. Жатып кеп оқыдым. «Өмір заядан» бастап «Аспандағы ақ көбелектерге» дейін оқып шықтым. Әсіресе, «Бес қасқа Беріштің хикаясы» мен «Махамбет пен Пушкин» деген шығармасы мені бірден баурады. Ер Жүсіптің Бәлекей сұлуды алып қашам деп Күнекей күңді алып қашқаны «әттегені – ай» дегізді. Бірде ереуіл атқа ер салған кең жаурын Махамбеттің Орыстың ұлы ақыны Пушкинмен әңгімелесіп отырып: «Батыр еке, есіңнен кетпес бір шайқасыңды айтшы» деп сынай қараған ақынға  батыр жүректің айта қоярлықтай, есінен кетпес қан кешуі болмағанда, Махамбетпен бірге қиналасың, батырдың арқасынан аққан суық терді орамалмен сүртіп бергің келеді. Ал, бірде «Шайтанқара» тұлпарға мініп алып Қазақстанға өтіп кетсем дейсің. Ондай атпен шауып өтер жолыңды шегара бөліп тұрғанын білгенде, өзіңнің кітап оқып отырғаның есіңе оралып еріксіз күліп аласың. Осы кезден бастап менің ойыма Ата-жұртқа аман жетсем, осы жазушыға жолықсам деген ой мазалай беретін болды. Сәті түсіп, ата-жұртқа жеткеніммен, бірақ Отарбаевқа кезіксем деген арман әлі күнге дейін «Шайтанқара» арғымақша жеткізбей келеді…

«Көрсем деп» көкейімді тескен «үміттің енесін толғатқан» ақын Маралтайды ең алғаш рет  «Ар» деген жалғыз өлеңі арқылы білдім. Ұстазым Ыбырай Жұмахадырұлының әр ақындардың өлеңдерінен жинаған, оқи – оқи тозып, жыртылуға айналған конспектісі бір күні менің қолыма тиді. Оқып отырып, бір кезде Маралтай ақынның «Ар» деген өлеңін оқыдым, тағы оқыдым, оқи бергім  келді. «Қыранның ары көзінде өткір, күнге де қарар қасқайып», « Ақынның арын Алласы білер, ал сенің арың қолыңда». Ғажап! «Адамдар сыйған табытқа, Ақындар бірақ сыймайды», деп Артықәли Құдиар айтып еді. Сүлейменнің құтысына сыймаған ақындар адамдар сыйған табытқа қалай сыйсын, өйткені ақындардың арын Алласы біледі ғой. Қолындағы арымен жағымпаздық істеп жүрген адамдар тобына ақындар легі қосылмайтыны тарих-қарт біледі. «Арды» оқып отырып көз алдымда «Тұлпарды даттап өш алғысы келген Есек», «Өзімен-өзі тасталған Қарғаның қасында, күнгеде қасқайып қараған Қыран жанары», «Жарына ғана бас ұрған Аққу махаббаты», «Тек ғана Алласы білген ақынның ары»…

Маралтай Райымбекұлын ең алғаш Қазақтың жұмбақ ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың жеті томдық кітабының тұсаукесері  өткен  күні Жазушылар одағында көрдім.  Зал ішінде белгілі журналист Ардақ Нұрғазыұлымен әңгіме айтып отыр едім. Бір кезде бұйра шашын артына қайыра тараған, хан далада паң басқан батыр бейнесінде, қолына ұстаған қағаз сөмкесі бар бір адам бізге тура келе жатты. Қасымда отырған Ардақ аға орнынан тұрып сәлем берді. Менде қолымды ұсындым.

-Жеті томдығын бірақ алғансыз ба? Сөмке тоқ қой,- деп Ардақ қалжың аралас сұрау тастады.

-Иә, бәрін алдым, сақтап қояйын деп. Болмаса Жұмекеннің өлеңдерін жатқа оқимыз ғой -, деді де жүріп кетті. «Маралтай Райымбек деген ақын осы» деп Ардақ аға бетіме қарағанда, тұрған орнымда сілейдім де қалдым. Армандап жүрген ақын қарсы алдыма «Алласы білген арымен» келгенде дұрыстап сәлем бере алмағаныма өкіндім. Қытайда жүргенде Маралтайға жолықсам, «Арын» жатқа оқып берем деген сертім сетінеп кеткенін білдім.  Кирилицаны алғаш үйреніп жүргенімде «Ай» деген жыр жинағы қолыма түсті. Себебі, ақынның өлеңдері төте жазуға аударылып, Қытай баспасынан шықпаған. Әліппелік сауатпен ежелеп оқитын кезім «Ай» жинақтағы өлеңдердің өңсүрігін кетіріп жібергені бар еді. Төте жазуға аударып алып оқып жүрдім.  Ал, «Арын» жатқа айтатынмын. Бірақ алі күнге дейін «Арды» ақынға жатқа оқып беру орайы  қолыма қонбай жүр.

Мұрат Шаймаранның ең алғаш атымен таныстым. 2010 жылдың көктемі болатын.  Бір досым «Мен бір керемет ақынның кітабын оқыдым» деді де, жатқа оқи бастады. «… Қасіретім орасан  және сондай орасанмын, шексізбін».

-Пәлі, мынау қай дөкейдің өлеңі,- дедім таңырқап.

 -Айтпаймын. Ақынның атын айту үшін алдымен өтеуін өте, – демесі бар ма кеудесін қағып. Бейне өлеңді өзі жазғандай кеудемсоқ тантып. « Соңғы шарап кесесін сарқып ішіп, Аязында ақпанның алқып, ісіп» дейді аузын жаппай. Аң – таңмын, көктен түскен ақынды тауып алған ба деге ойым бар.

«Он сегіздің, кім білсін, желігі ме, Құрбы қызды кетуші ек қарға аунатып»…

 – Аларыңды ал да, ақынның атын айт, –  деймін асығып. Қолындағы алтынын бұлдаған досым жер қозғалса қозғалмас сабырлығына мініп алған. Тым байсалды. Мен де қулыққа бастым: «Енді айтпасаң кетем», – дедім өтірік ренжіп. Бұл мінезді күтпеген ол аңтарылып қалды да: «Мұрат Шаймаранның өлеңдері ғой», –  дейді дәп мен ол ақынды танитындай. «Ғойыңды» қой. «кітабы қайда» дедім тақымдап. «Қастер Керімәліұлында бар, кітаптың аты «Түнгі сарын». Мен содан алып оқыдым, бірақ беталды адамға бермейді», –  деп жыныма тиді.  Қастермен де жақсы араласатынмын. Кітапты алуға ешқандай күмәнданбастан Қастердің үйіне барғалы жолға шықтым.

Ол үйінде екен. «Шақырып келтіре алмаушы едім. Қандай жел айдап келді» деп күле қарсы алды. Мен «Түнгі сарынды» іздеп келгендігімді айттым.

–  Ол кітапты алу үшін бүгін біздің үйге қон. Таңертең жол сілтеп жіберем кітап тұрған сөреге -, деді.

Таң атқанша ойдан- қырдан әңгімені гуілдеттік келіп. Ертесі «Ал, кітапты әкел, кетемін үйге, жұмыс бар», дедім. Бұл мезгіл шаруашылықтың күйбеңі молайған маусым кезі еді.

–  Ол кітап Алтын шешейде. Сол кісі алған еді. Мен телефон шалып, айтып қояйын, барып ал. Алтын шешей дегені белгілі ақын Алтынгүл Мәденқызы болатын. Енді «Түнгі сарынды» іздеп Қарабура аулына баратын болдым. «Бұрынғылар қалыңдық іздегенде осылай болушы еді, кітап іздеген де қызық екен», –  деп қоям өзіме-өзім.

Түске жуық Алтын шешейдің жұмыс орнына келдім. Ол кезде бұл кісі ауыл орталығында жекелік кітапхана ашатын. Қызығы кітап сатпайтын, өзіндегі кітаптарды басқалардың оқуына  беретін. Амандықтан соң көзім кітап сөреден іздеген жоғын қарауға ауды. Лықсыған, сіресіп тұрған сөреде «Түнгі сарын» жоқ. Бір сырға кем болған Ертөстіктің әкесі Ерназарша құлазып сала бердім. Бұны сезген Алтын шешей «не болды?» деп сұрады. Екі күннен бері «Түнгі сарынды» іздеп жүргенімді айттым.

-Е, ол кітап бар, бірақ мен оны сөреге тізбеймін. Елге бермеймін. Өзімнің мына жерде ешкімге бермей оқитын он шақты кітабым бар. Соның ішінде -, дегенде «үһ, ақыры таптым ба деп жайнап сала бердім, әрі ат сабылтып іздеп жүрген кітабым да оңай кітап емес екенін бірден білдім.

-Алыстан әдейлеп келіп отырған соң беріп отырмын бұл кітапты. Жыртпайсың, сызбайсың, беттерін қайырмайсың,  бес күннен соң өзіме әкеп бересің -, деп шарт қойды да қолыма ұстатты. Мұндай кезде тас тесіп, тау қопарып бердесе де мақұл дейсің ғой…

Сол өлеңін оқып, өзін көрсем деп армандаған Мұрат Шаймаранұлынан сабақ алып, алдында өлең оқып тұрам деген ой, ол кезде үш ұйықтасам түсіме кіріп пе екен деші. Ол кезде ақынның Қазақ еліне кеткенін естігем,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте сабақ беретінін білмейтінмін.

Іздеп әрең тапқан, 2004-жылы Шинжиаң халық баспасынан 2000 тиражбен шыққан «Түнгі сарынның» ақынның өз қолында қалған ең соңғы 2000-данасына «Менің кітабымнан сен екеуміз туған топырақтың иісі аңқиды» деген қолтаңбасымен қолыма бергенін, Алланың үлкен сиының бірі деп білем.

Қуанәлі Алмасбек

“Қамшы” сілтейді

1 Пікір

  1. Мұрат ақынмен, Мұрат азаматпен мен кейінірек таныстым. Кешірек таныстырған тағдырға не дерсің. Мұрат творчествосы қазақ поэзиясының алдыңғы легінде тұруға әбден лайық. Оның болашағы әлі алда.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Linda Barbara

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Vestibulum imperdiet massa at dignissim gravida. Vivamus vestibulum odio eget eros accumsan, ut dignissim sapien gravida. Vivamus eu sem vitae dui.

Recent posts

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС (Ермұрат Зейіпханұлының қазасына) ...Тірлік солай тәмамдалады екен ғой, Ғаріп дүние қаран қалады екен ғой. Ажал деген өле сүйген өмірді Адамды алады екен ғой. Охо, менің ай маңдайым,...

Мұрат Шаймаранның мерейтойлық жыр кеші өтті

Алматы қарашасының соңғы жұмасы, кеше Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай...

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов лауреат атанды

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов Нәжімеденов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды Бүгін Қазақстан жазушылар одағында Атырау облысы мен Жазушылар одағы бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия...

Ұмтыл Зарыққан. Жасыл түнмен тысталған кітап

Жақсы көріп оқитын жазушыларымның бірі Орхан Памуктің «Бір күні өмірімді өзгерткен кітап оқыдым» деп ақтарылғаны бар. Ауыр ма, жеңіл ме? Жақсы ма, жаман ба?...

Жолдасбек Мамбетов. Мұрат Шаймаранның лирикасы

Еліміз тәуелсіздік алғасын атамекен Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып,...

Recent comments