Тұтқын
Отыр бір тұтқын
Көзіне тұнған барлық мұң,
Теңіздей кешкі сұрланып.
Бетіне түскен сызаттар – табы кәрліктің
Бояу боп жаспен бірге ағып.
Алдында шарап
( Ескілеу көзе сыры ұшқан )
Шайқалып тұрды шымырлап.
Келмейді іздеп не досы,
Жары…
Туысқан …
Келеді күмән буынды ап.
Келеді тағы бір сұлу әйел сылаңдап,
Мойнында қара шарқаты.
Жанғаны қайсы?
Сөнгені қайсы !?
Тұмандап
Бұрымын күндей тарқатып…
Қапасы – қайғы,
Арманы – шүңет ақ айдын,
Көкжиек сынды аңсары.
Сұлудың қолы сылайды аппақ самайын
Дір етпей нәзік саусағы.
Көзінде көлбеп көлеңке ғұмыр жатады,
Ойнайды уайым жал бітіп,
Көзеде шарап көсіле толқын атады
Ажалдың иісін аңқытып…
Дауысы жасқап әйелдің асқақ күнді өктем:
« Бұйырттым кебін сізге арнап…»
Ал, сыртта көктем,
Өзгеше көктем,
Бұл көктем!
Өрттей боп жанған қызғалдақ…
Тағдыр жұлдызы
Айсыз түн,
Борасыны қыстың ұлып,
Кешеді көшелерді ысқырынып.
Аспанда жұлдыз – құлын шауып өтті,
Кетті ағып,
Қылмойыннан түсті құрық.
Бүк түсіп жатып алған тау – сыбағам,
Мен оны қараңғыдан аршып алам . . .
Жетеді жетім қалам мұңындай боп,
Шыңғырған сол жұлдыздың дауысы маған.
Жүрегі дүниенің алақызып,
Жарығын жанған жұлдыз барады үзіп.
Жонынан жұмбақ түннің таспа тіліп,
Жүзіндей селебенің қалады ізі…
Болса да ескі шекпен иінімде,
Қараймын зеңгір көктің биігіне.
Көземді көз жасыма толтырып ап
Ішемін аққан жұлдыз күйігіне.
Шегеді шемен өмір маған айбат,
Ақынмын!
Ақтық күнді алам ойлап.
Сол жұлдыз құлын сынды,
Ғұмыр сынды,
Ішінде жанарымның салады ойнақ.
* * *
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман,
Айдан да алыс,
Күннен де ары осы арман.
Кептер төсің талпынғанмен қаншама,
Жұпар сеуіп өткенімен қос алмаң.
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман.
Сонау жылдар ессіз дәурен құрғанмен,
Асау жастық алыс кеткен жылдармен.
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман
Жасыл көзің жалын шашып тұрғанмен.
Ақша жүзің алау-жалау атқанмен,
Шоқтай ернің аңсағанмен от дәурен,
Жымиғанда шұқырында бетіңнің
Толған айдың нұры балқып жатқанмен .
Менің жаным жасыны көп көктемнен,
Жамалдыға жарқылдарын көп бөлген.
Сенің жібек көйлегіңнің етегін,
Еркелей кеп жел көтеріп өткенмен.
Кешір мені!
Сынып біткен бақ – кесе,
Ертең де жоқ,
Бүгін де жоқ,
Жоқ кеше!
Албырт, аңғал ару қыздар жайында
Есениннен кем жазбаймын әйтпесе…
Шамы сөнген шайырыңның ғазалын,
Селт етпестен тыңдайды өмір базары.
Мен жырлаған сұлулардың ешбірі
Мұңсыз ғұмыр кешкен емес, ғажабы…
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман.
Күту
Самайым – даналық,
Жүрегім – балалық…
Жанарды тұман қып, жанымды нала ғып.
Оңаша орындықта отырам тым ұзақ,
Қалғыған қарағаш саясын пана ғып.
Қия алмай,
Кете алмай белінен мұңды аттап,
Көзіммен сүйемін со-но-у бір гүлді аппақ,
Мен деген бір түнде қартайған ақынмын
Ақ шашы шашылып,
Шылымы будақтап…
Аспанға салмақ сап бұлт ауыр қалқиды,
Жасындар кісінеп ауаны тарпиды.
Жаңбырдың соңынан топырақ иісі
Қайғымның иісі секілді аңқиды.
Бұл ғалам жанардай немесе сөнердей,
Қараймын көк орман жақтарға елеңдей;
Өзіңді титімдей аппақ құс жетелеп
Есалаң ақынның қасына келердей.
Отырам:
Мен сені күтемін – себебі,
Аспанмен астасар аңсаудың көлемі.
Дертіме ем болмай Хафиздің ғазалы
Сабырға шақырмай Абайдың өлеңі…
Отырам:
Әжімдер шимайлап бетімді,
( Күтемін,
Күтемін . . .
Күтуден не тынды ?!)
Сүюі ғаламат көне бір ғасырдан
Сартап боп қап қойған сағыныш секілді.
Бүгін де үмітім үзілер, әй, менің,
Жамауға келер ме көңілдің әйнегін.
Бәрібір күтемін, жеткенше ажалым,
Сүйретіп түн сынды қап-қара көйлегін.
“Парасат” журналының 2014 жылы қаңтардағы санынан
Міне, нағыз ақын. Оқыған сайын оқығың келіп тұрады.
Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы сынды, айрықша, бөлекше, ешкімге ұқсамаған, ешкімді қайталамайтын ақын. Оқып отырсаң иә, домбыра күмбірі, не қобыздың сарыны, рубабтың сазыма әлде, өзгеше әуен, терең әуен, таныс әуен, бірақ ұмытып кеткен әуендей боп елестейді … бізде тек тамсану ғана бар, М.Шаймаранұлына. шабытты көктемдеріңіз мәңгілік болсын аға!
Әр өлеңі – бір ақын.
керемет! басқа айтар жоқ! қаламың жорға болсын құрдас!
өте нәзік, сұлу жолдар…