Басты бет Ақын туралы сөз Дауылдай өртке тиген өлеңімен...

Дауылдай өртке тиген өлеңімен…

Author

Date

Category

Бүгінгі күні күллі қазақ қауымының, одан ары кетсе әлемдік аренадағы өлең өнерінің аламан бәйгесінде тізгін ұстатқан халқымыздың бас ақыны Абайдан бері қарай, осынау асқақ та, тәкаппар, жатырқаса жанына оңайшылықта жан жуытпайтын «поэзия» атты киелі өнердің шоқтығынан кімнің ұстағысы келмеді дейсіз. Қазақ өлеңінің қарқарадай тағы бір биігі Мұқағали Мақатаевтың:

Әттең-ай, шоқтығыңнан басып тұрып,

Басып тұрып, арқаңнан қасып тұрып… – деген шумақтарынан-ақ құйрық-жалы төгілген, құрық салдырмас қияпатты өнердің машақатқа толы жолын тағығандай боламыз. Ойлап отырсақ, қазақ пэзиясының қара шаңырағына уық болып шаншылған ақындар қанша ма? Сөзді қазақ поэзиясы дегеннен өрбітсек, көкірегі көлдей сезімге, жүргеі лапылдаған отқа толы өрелі ақындар үшін жағрапиялық сызықтардың шегінен алып шығып, шексіздің әлеміне қарай бет алып кететін ақиқатқа мойындамаса да болмайды. Сондықтан да шек-шекарадан өтіп кету тек нағыз ақындарға ғана тән ерекшелік. Мәселен, Чили халықының күрескер ақыны Пабло Неруда, Англияның романтик ақыны Байрон, орыстың Пушкин, Сергей Есенин қатарлы адамзаттың ортақ рухани сусынына айналған тұлғалы ақындарын айтуға әбден болады. Ал енді осы жолдардағы ерекшеліктер нағыз ақын мен ауыл өлеңшілерін екшейтіні де дау жүрмейтін шындық.

Енді негізгі тақырыбымызға оралайық. Ендеше қазақ өлеңінің қамыс құлақ арғымақ жырының шоқтығына ұмтылып, қалың қара нөпір сайгүліктің ішінде:

Мен бәйгеге шапқанда жыр майданда,

Бірге қысып тұрасың тақымыңды, – деп аяулы әкесіне азаматтық үнін, лүпілдеген жүректің сазын тыңдатқан Мұрат Шаймаранұлы да жүргені оқырман қауымға көптен таныс.

Көңілмен сезіп, жүрекпен ұғынған адамға Мұраттың асқақ романтикалы, сағынышқа толы өлеңдерінің дені рухани дүниенің көкжиегіне құлаш ұратын ақжайқын, ақжағал ағысты жырлар екендігіне көз жұмуға болмайды. Міне осыдан ақындық дегеніміз даланың дарқан табиғатындай, қара бұлттарды осқылай өткен нажағай іспетті ақын жүрегінің алып отынан басқа дәнеңе  де емес деген ойға келесің. Қалай десек те, ақындық ел мен жер деп соққан жүректің, одан қалса Мұқағали ақын айтқандай «адамзаттың ұрпағы жоғалмасын» деген ұлы гуманистік идеяның қалауы ма екен дейміз.

Халқымыз: «Ақындықтың мектебі жоқ» деп тегін айтпаған. Ұлтымыздың бесік жырынан бастап, қайтпас сапарға аттанғанда да сүйегіңді сырқырата айтылатын жырынан-ақ қанға сіңген қара өлеңнің қасиетін былайғы жұрт білер деп ойлаймыз.

Олай болса кешегі дүлдүл ақын Абай осы қазақ өлеңінің әлемдік өкілі ретінде әлем ақындарымен үзеңгі қағыстырып, өз бойындағы күллі ақыл-парасатын төріт шумақты өлеңге сиғызып, лирикада асу бермес асқар шың болып қалыптасқанына ес-ақылы дұрыс пенденің ешқайсысы да көзін жұмып, күмән келтіре алмайтын шығар. Мұны айтудағы себебіміз: ептеп үйреніп ақын болуға болмайды. Биік парасат пен табиғат силаған талант болмағанда бәрі де құр бекер әурешілік болады. Мейлі қандай формамен өлең өлкесінде жаңалық ашпақшы болғаныңмен ол тағыда өз бойыңдағы құпия ақындық дарыныңа байланысты іс. Сондықтан да өлеңнің дәстүлі қасиетін сақтап, дәстүрді дамытқан да ғана ұлттық өнердің атағы аспандап, кейінгі замандарда қазақ өлеңінің мерейі үстем болмақ.

Ендеше, біз сөз етпекші болып отырған Мұрат Шаймаранұлының да алдымен менмұндалап көзге ұратын қасиеті тек ұлттық тақырыпты кеңейту жағындағы ізденісі екендігін аңғарамыз. Мұрат поэзиясында халқымызға тән дарқан даладай кең тыныстылық, асқақ хиял, таза такаппарлық, үлбіреген сұлулық, жалаңтөс батырлық рухымыздың арындап-жалындап тұрғанына қуана қол соғамыз. Бір тамашасы, ол өлеңде жүдеп-жадап сүлкінін түсірмейді, қайта өршелене өрке жүзеді.

Бұл жерде тағы бір ескерте кетер жәит, халықтың рухани күйін ояту тағы да ақынның шеберлігіне байланысты. Сұлулық – қарпайымдылықтан, ал, парасат – ұғымдылықта жатады. Мысалы:  Мұқағали Мақатаевтың ойға шүлен, сезімге бай жырларын таяқ ұстаған қойшы да, көкірегіне парасат тұнған ғалым да жалықпай оқып, таңдана таңдай қағады. Бәрін айт та, бірін айт, жұрт жүрегіне жол табу, әр көкіректе күбірге айланып, әрбір оқырманның жастығының үстінде жату тек жүрегінің түбіне кір жасырмаған нағыз ақынның еншісі саналады. Ал, күмән мен күңкілге толы, ұғымға ауыр нәрсенің қысқасы сезімге эмоциялық әсер ете алмаған өлеңді халыққа қанша тықпалағанмен қабылдай қоюы екітайлай, алдағы болашақта да солай болады. Поэзия алдымен ұлттық, онан соң халықтық өнер ғой. Себебі: ақынды ақындық биікке көтерген де алдымен сол ұлттың даналығы емес пе? Әйтпеген де ақындық өнер қайдан қонсын?! Сөзімізді шегелей түсу үшін, мархұм ақын Омарғазы Айтанұлының « Қара өлеңім» атты жырын сипатқа алайық:

Жазғырма жат емеспін – анам мені,

Қозыдай құлағына салған ені –

Жоғалып кесем егер жаңа жұртта,

Ақ сүтің сол белгімен табар мені, – деп қазақ өлең құдіретінің өзіне жасаған әсерін «қоңыр қозымын» деген емеурінмен жеткізеді. Сонымен қатар, жоғарыдағы шумақта образға оранған, келісті ойдың кескіні де байқалады. Ұлттық тақырып поэзиядағы басты тақырып екендігін осыдан-ақ аңғарамыз. Ендеше, Шаймаранұлы Мұрат алдымен өз жырында мұны дәлелдеп тұрған жоқ па? Кәне қаралық:

Кездерім көп намыс өлген, бақ сынған,

Кездерім көп төтеп берген көп сынға.

Қоржын толы сарқытыңды қайтейін,

Бір түп жусан ала келген жоқсың ба?

Әкелмедің білем оны жарады,

Жазып-жазып,

Айтып-айтып мен әлі.

Тастаймын да туған дала сертіңді,

Мен өзім де жусан болып қаламын.

«Жусан иісі» өдеңінен. Жусан иісін сағынған ақынның сағынышқа толы шумақтарынан жусанның иісі бұрқырап тұр.

Жусан иісі кеңсірігіңді ашытып,

Жанарыңда тұрар сенің жас парлап, – дейді. Дарқан даланы, жусанның иісін сағынған ақынның жырын оқып, сағыныш сарығымызды басып, жүрегімізге ем іздеп, көңілге медеу тапсақ қандай бақыт деші? Адамның жан сусынын қандыратын жүзік көзіндей жылтыраған жырларға бәрекелді айтпай тұра алмайсың. Мінеки, осы сияқты бояуы қою, асқақ та тәкаппар сезім Мұраттың басқа өлеңдерінде де көп. Бұл оның ұлттық рухты жырлау, ұлттық тақырыпты қозғау арқылы адамзаттың ой дүниесіне, көркемдік көкжиегіне талпынған ақындық талантының жалт еткен ұшқыны екенін көреміз. Ақынның өлеңдерінде шығыс әлемінің жарсық жұлдыздары Әлшер Науаий, Қожа Хафиз, Омарлар көп айтылады. Бұнда ақынның енді бір тамырының сонда жатқандығын аңғарамыз. Мұрат өлеңдерінің соңғы буынының жымдасқан ұйқасынан гөрі үндестілігі мен ырғақты саздылығы оның ойын ұйқасқа құруға беймдемей, қайта еркін бір леппен арындап тоқсан толғаныспен жазатындығы жаңа бір ағыны қатты асау ағыс сияқты сезіледі. Сонымен қоса ол форма жақтан да мүлдем бөлек даралық танытып жүргенін де білеуге болады. Ақынның өткен жылы ғана баспадан шыққан «Түнгі сарын» атты жыр жиннағы сөзіміздің таптырмас дәлелі. Өлең ақынның өзі десек, ертегідей еліткен таза ұлтты қиял әлемімен дүниені тырнағына да теңгермейтін шығыстық жұлдыздарға тән еркін мінезді ақын Мұрат астастырып жібереді де, одан өз болмысын жасайды. Мәселен: «Қайыршының қиялы» атты өлеңі:

Атқан таңды, батқан күнді сездірмей,

Мезгіл бар ма, мен аңсаған мезгілдей.

Босаға да жатса жамау шарығым,

Сенен өзег дүниені көзге ілмей.

О, дариға сен жалындап мен сөнбей,

Сенің мені сүйетініңе ел сенбей.

Сарайыңнан алып қашып мен саған,

Тау басынан лашық жасап берсем ғой.

Асыл-асыл торғын жапқан денеңді,

Жасыл-жасыл жапыраққа көмсем ғой – … ақынның асқақ қиял өрісіне өрлеген, жаны жомарт жырға қарап хан сарайындағы ханшаны, әрине, қайыршыға қиып жібересің. Әрі жарлы әрі бай, тәкаппар да өр мінезді ақындық қиялдың құдіретіне басқа бір көзбен қарай бастайсың.

Шаймаранның шайрының өлеңдерінде тағы бір жарық еткен жаңалық: әркімдер шиырлап өткен ауылға, асыл қырға деген сағыныштан ауыл жайлы тақырыпты жырлағанда кең тыныстап шынайы мөлдір сезіммен, шабытпен, болмыс бояуымен өз жүрегінің лүпілін жеткізуге тырысып өзгеше қырынан көрінеді.

Өкініштер, қуаныштар, тағдырлар,

Ескі шарбақ, шаң басқан жол, жаңбырлар.

Ұзатып сап тұрды мені адамдар,

Ұзатып сап тұрды мені нар мұңдар.

Дала кездім, кездім байтақ көп елді,

Қала бардым, талшық еттім өлеңді.

Мен өзіңді сағынғаным қаншама,

Бірақ саған қайту маған жоқ енді, – көріп отырсыздар, мұнда сені сағындым, тауың-тасың, өзенің-ай, бір барамын, – деген сияқты бір сарындылық пен қалың көзді арбаған қызылды-жасылды бояулар  атымен жоқ. Ауылға деген сағыныш ақындық шабытпен жырланады. Сондай-ақ өлеңде: « Ұзатып сап тұрды мені адамдар» деу арқылы нағыз адамдардың қайда екенін аңғартады. Жалпы осы екі шумаққа ақынның тағдыры сиып тұрған секілді.  Сондай-ақ «бірақ саған қайту маған жоқ енді» деп өмірлік өкініш білдіреді. Оқып отырып өзіңізде алыстаған алтын дәуренге, адам баласының бейғам да тәтті бірлігіне қайта құштар боласыз. Көз алдыңызға құшағы ыстық ауыл келеді. Шаң бораған жолдар, ескі шарбақ, мұжық тамдар, шетен қайың, тал-терегі сол бір мәңгі оралмас елесімен алыстан қол бұлғап жүрек дертіңді қозғайды да одан раы қарай кітапты жауып қойып, әппақ уыз ойдың мәмін таусап отырып қалғаныңды сезбей қаласың. Осында Мұраттың айтар ойын оқырманға барынша жеткізу жағында барынша жеңіл етіп беретіндігін көруге болады. Ал кейбір ақындар өлеңдерінде айтар ойын жеткізу тәсілі жағында ұғымға ауырлық әкеледі. Ұйқас жағынан да басқа жақтардан да жеткізу тәсілін дұрыс меңгере алмай қалады. Ой жеткізу тәсілі жағында адамды бірден баурап әкететін керемет терең ойларды да қарапайым ғана етіп жеткізіп, бас шұлғытатын Қазақстан ақыны Есенғали Раушановтай шебер ақын қазірге жоқ болуы керек. Сол сияқты бұл жағында Мүкеңде де тек өзіне ғана тән жеткізу формасы бар десек болда. Иә, оқырманды ой орманына сүңгітіп, жатса төсегінде дөңбекшітетін құдіретті жырдың қасиеті осылай болады.

Мұрат ақындағы тағы бір ерекшелік – шексіздікке құлаш сермеп таусыла жырлаумен қатар, орамды ойлар айта білуінде жатыр десең қате емес.

Мен теңізі аңсаймын қыстыкүні,

Құлағыма жетеді құстың үні,

Ақырған бір аязы ауызға ұрып,

Қарығанда Жоңғардың үскірігі.

Қара жердің бетінен кеткен сенім,

Мен теңізді аңсаймын…

Құшағында жатқандай көктем соның… дейді ол. «Қарығанда Жоңғардың үскірігі» деу арқылы мезгіл, өмір, қоғамдық орта осы үшеуінің суықтығын осы бір шумаққа сиғызып жібереді. Бұнда да шексіздікке ұмтылған қыран шабыт буырқанған ақ бурыл айдынды өмір теңізінің бетінде қалықтап, қара жердің бетінен сенім кетіп, адамдардың ындынын нәпсі жеңіп, құндылықтарынан айырылып бара жатқан сүркей мезгілдің ақиқатын шаңқылдай айтып тұрғандай сезіледі. Мұрат поэзиясындағы сағыныш сарыны мен селдей жөңкілген шабыт тасқыны кейде қазақ поэзиясының айтулы тарландарының бірі Төлеген Айбергеновтың өлеңдеріне жақындап кетеді. Алайда, ол өзін, өз болмысын ешқашан төмендетпейді әрі жоғалтпайды.

Рас-ау, Мұрат Төлегенге арнап толғау да жазған, онда да Төлегенге тән жалындаған шабытты жолдар, лапылдаған жүрек алауы асқақ романтикаға құлаш ұрады. Иә, Төлеген болып сөйлеу ақындық алымдылығы мен шабыты соған жете қабылдау ақынның қолынан келетіні хақ. Бұл жағында Мүкең Ақжайық пен Аму дәрияны аунақшытып көз алдыңызға алып келеді.

Аму дәрия, жағаңда отырып мұң құштым,

Сенсіз ешкім түсінбейді сырды ішкі.

Иірімің шымыр-шымыр қағады,

Низамидың шарабындай тым күшті, – мінеки, ағыл-тегіл жырлары жөнелетін Төлегендей ұстазына тарқан шалқар шабыттың иесі бұл жерде Аму дәрияның иірімін Низамидың шарабына апарып теңеп, іштей бір рахаттанып қалады.

Жалпы алғанда Мұрат поэзиясы бізге кешегі шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің (ияғни Айбергеновтардың) жалғасындай болады да тұрады. Ендеше, поэзиямызда Мұрат сынды ақынның болғандығы әрі қуаныш, әрі құбылыс емес пе?!

Енді бұл жерде мысалға алар өлең баршылық. Бірақ оның бәрін мысалға келтіреміз деп, анадан бір, мынадан бір шумақ алып төпелеп мақтай берудің ешқандай пайдасы жоқ. Онымыз тек оқырманды зеріктіретін сылдыр сөздің үйіндісі болып қалады. Сондықтан да маңдайы жарқыраған ақ нөсер жырлардың оқырманның өз талғамына да жағатындығына сеніміміз кәміл. Үйткені, бұл жырлардың сарапшысы біз емес, тек халық пен болашақтың еншісінде ғана. Ол жайлы ақын өзінің «Әкеме» атты өлеңінде:

Тыныштығын әлемнің ырғап қалып,

Артымызда шаң қалып, жұмбақ қалып,

Әке біз сол бәйгеден ары қарай,

Кетеміз ғасырларға бірге аттанып – иә бұл астамдық көңіл ме, әлде асқақ арман ба, оны дәл қазір дәп басып айт қою қиын. Дегенмен, өзіне сенген адам ғана осылай сөйлейтін шығар деп ойлаймыз.

Ақынның «Қайыршының қиялы», « Мен теңізді аңсаймын», « Ескі сағат», «Сағыныш», «Жусан иісі», « Қырдағы жылқы дауысы», « Жер, мен саған табынам», «Диуананың өлімі», «Құлап жатқан жапырақ», «Айға», «Қазақ қызы», «Сүмбіле жұлдыз туғанда», «Науаийдың ғазалы» қатарлы өлеңдерінің эстетикалық қуаты мен айтар ойының сонылығымен дараланып, оның поэзиясының ажарын аша түсетін ғұмырлы жырлар екендігі шүбәсіз. Жоғарыдағылар Мұрат шайрдың лирикада байқатқан тебіні десек, енді оның толғаулары мен поэмалары туралы да азда болса тоқталмау қиянат.

Ақынның «Бота», «Мекен іздеу», «Ит» қатарлы толғауларынан бір халықтың мұң-мұқтажын қайғы-қасіретін бүгінін-ертеңін, болашағын айқын көріп алуға болатындай. «Ит» атты толғауы бір ұлттың шерлі шежіресі іспетті де, ал «Бота» өлеңінде бозінгенлей боздаған дана жүректің даланың еркесі «қара тілден, көлденең көзден сақтасын» деп өркешіне үлбіреген үкі қадап, мойнына тұмар тағатын ботақанның темір шынжырға таңуылы тағдыры әрине қабырғаңды қайыстырады. Ботаның тағдыры өзіміздің жүрегімізді жарып шыққан ботамыздың тағдыры екенін ойлағанда жүрегің шымырлап кетеді. Мінеки, өлеңнің құндылығы – өмірдің қатігездігімен, көңілдің өкінішімен қабысып жататындығында екендігін көрген боларсыздар.

Ендеше ақынның оянған ойына кең де кемелді өріс, ашатын оқырманға да ойланатын мезгіл жетті-ау деп ойлаймыз. Әрқандай бір сүбелі поэмаға көзқарасымызды айту барсында, оймыздың алтын қазығы ақиқатта сүйенер сол шығарманың өзі. Сондықтан автордың айтар ойын толық дәлелдеу үшін шығарманы ыңғайына қарай дәлелдеуге тура келеді.  Олай болса, шығарманы тілсімдестіре талдап өз болмысынан алшақтатып әкету, шығармаға және авторға жасаған қиянат есептеледі. Оны автордың өзі де түсінбей қалуы ғажап емес. Сыншының талантты тануы мен көрегендік, ол ешқашан сәуегейлік болмаса керек. Ақынның «Қобыз даусы» атты идеялығы терең, өзіндік өрімі бөлек стиль даралығымен барлыққа келген поэмасы да айтар ойын ішіне бүгіп, дәп бастырмайтын сұлу да сүйрік поэма екен. Бұл шығармада бір-бірне қайшы екі идея бой көтереді де, адамзат рухани әлемінің, жаратылыс жұмбағына қатысты рухани дүниенің кескілескен күрес жағыдайы бейнеленеді.  Ақынның:

Қорқыт өлді, қобыз өлді деген сөз,

Тілім өлді, жырым өлді деген сөз, – деген жолдарының айтар ойы ашық тұрғандығын оқырман түсінетін шығар. Мұнда болашақта адамдардың қарусыз күресі ең күрделі іс. Ондай болса әлемді бейбіт түрде жаулап алатын бірден бір қару – тіл. Оған қарағанда қарулы қақтығыстардың күрделі рөлі болмайды, ол мықтағанда бір мезеттік соғыс ойын ғана болып қалады. Тамырсыз ағаштың қурап қалатыны бәрімізге аян ғой, бұл жағында ақынды алакөңіл етер жәйіттер өте көп белең береді екен.

Қорта келгенде біз бұл мақалада поэзиямызға асқақ романтикалық арынмен, кең құлашты жаңа шабытпен, шыт-жаңа леп ала келген ақын Мұрат Шаймаранның сүбелі жырларын шамамыз келгенше былайғы қауымға одан ары қауыштырар болсақ деген ізгі тілегімізбен, азын аулақ болса да пікір жүргізуді көздеген едік. Бұған өрелі оқырмандар өз бағасын айта жатар. Мұраттың жасампаздығы бірер мақаланың төңірегіне ған тұрақтайтын жадағай жырлар емес. Қайта болашақта оның көкжиегіне бойлауға көрген көздер мен терең ойлы шын мәніндегі өнертанушылар керек деп білеміз. Десе де, оның жырлары періштедей таза да келісіті деп те айта алмаймыз. Оның да өзіндік кемшіліктері жоқ емес. Бұл жағында ой қайталап жататын, онан қалса астамырақ кетіп, ауа жайылатын кездері де бар. сондай-ақ, Мұрат өлеңдерінде «Терезе», «Мөлдір шық», «Кірпік ерін», «Боз жусан» қатарлы сөздер көп қайталанады екен. Мәселен, жиырма беттің ішінде «кірпік сөзі» жеті рет қайталанылады. «Терезе» сөзі де осыдан кем емес, «ерін» сөзі де түрлі сындық бояумен көрніс беріп отырады. Бұл сөздер әрбір өлеңге айшық беру мүмкін деген күннің өзінде де өлең біткен кірпіксіз жазылмай ма деген сауалдың тууы әрине орынды ғой. Сөз соңында қазақ өлеңінің қара дауылы Қасым Аманжолдың:

Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Дауылдай өртке тиген өлеңімді,

Қасымның өзі емес деп кім айтасың, – дегендей, Шаймаранның шайыр ұлы Мұратты да өлеңінен өзін танып алуға болатындай маңдай алды ақындардың бір деп есептейміз.

Авторы: Тұрдыхан Айдарханұлы, ҚХР, Алтай қаласы

Сурет: partecipiamo.it

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Linda Barbara

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Vestibulum imperdiet massa at dignissim gravida. Vivamus vestibulum odio eget eros accumsan, ut dignissim sapien gravida. Vivamus eu sem vitae dui.

Recent posts

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС (Ермұрат Зейіпханұлының қазасына) ...Тірлік солай тәмамдалады екен ғой, Ғаріп дүние қаран қалады екен ғой. Ажал деген өле сүйген өмірді Адамды алады екен ғой. Охо, менің ай маңдайым,...

Мұрат Шаймаранның мерейтойлық жыр кеші өтті

Алматы қарашасының соңғы жұмасы, кеше Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай...

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов лауреат атанды

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов Нәжімеденов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды Бүгін Қазақстан жазушылар одағында Атырау облысы мен Жазушылар одағы бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия...

Ұмтыл Зарыққан. Жасыл түнмен тысталған кітап

Жақсы көріп оқитын жазушыларымның бірі Орхан Памуктің «Бір күні өмірімді өзгерткен кітап оқыдым» деп ақтарылғаны бар. Ауыр ма, жеңіл ме? Жақсы ма, жаман ба?...

Жолдасбек Мамбетов. Мұрат Шаймаранның лирикасы

Еліміз тәуелсіздік алғасын атамекен Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып,...

Recent comments