Басты бет Өлең-жыр Мұрат Шаймаран. Алматы әуендері

Мұрат Шаймаран. Алматы әуендері

Author

Date

Category

ҚАЗАННЫҢ ҚАРА ЖАҢБЫРЫ

 

Алматы.

Қазанның қара жаңбыры,

Тұтқында отыр әлемнің жарық бар нұры.

Зулап өтеді қап-қара машиналары,

Үреді иттер

(үндері қалған қарлығып).

 

Жамылшы етіп жапырақтарды құлаған,

Жатады жолдар ұзыннан-ұзақ сұлаған.

Жаңбыр ма, жас па, бетін бір жуған, белгісіз,

Келе жатады сонадайдан бір адам.

 

Базарға салып байлауы кеткен ғұмырын,

Келе жатады.

Кебенек киген бір ұғым.

Өзі сықпытты біреуден оттық сұрайды,

Тұтатпақ болып шылымын.

 

Бір-ақ тал шырпы…

Бермей-ақ қойды от әлгі,

«Қойсаңшы – дейді, отарға кеткен Отанды».

Қайдан келе жатқанын білмейтіні сияқты,

Қайда бара жатқанын білмейтін еді ол Пәңгі.

 

Қайықшыға ұқсап адасып кеткен бораннан,

Толқын – күндерден күтпейді үміт, ол алдан.

Алматы бүгін тым сұлық жатыр,

Тым суық,

Бетон мен гүлден жаралған.

 

Шықпай-ақ қойды алдынан оның сенген күн,

«Арманымды әкеп Алатауыма жерлермін…».

Иісін аңсап изен мен жусан, ерменнің

Адасып жүрген ол – Менмін…

 

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС!

(Ермұрат Зейіпханұлына)

…Тірлік солай тамамдалады екен ғой,

Ғарып дүние қараң қалады екен ғой.

Ажал деген өле сүйген өмірді,

Адамды алады екен ғой.

 

Оһо, менің ай маңдайым, айбатым,

Жүрек тынып, сарқылды ма қайратың.

Саңырауға сәуле құйған қайда саз,

Бәйге атындай аласұрған қайда ақын?!

 

Ей, Алатау, білесің сен, 

Білесің!

Бәсірелеп бердің қанша үлесін?!

Сені ол құсап  сүйе алмайды ешкім де,

 Сүйе алмайды күндей көркем Күнесін. 

 

Алау-жалау өрттей болып реңі,

Әлдеқайда асығыстау жүр еді.

Қақ бөлінген даласындай қазақтың,

Қақ бөлініп кеткен шығар жүрегі.

 

Жанын жайып тұратұғын жанармен,

Бақұл бол, дос!

Басқа сөзден не дәрмен.

Сені ораған ақ кебіннің ішінде,

Өзім кетіп баратқандай болам мен.

 

АЛҚЫЗЫЛ ЖАПЫРАҚТАР ӨЛІП ЖАТЫР…

Күз,

Қоңыр күз,

Баяғы күз,

Сап-сары шашын көкке жаяды күз.

Біз деген есі кеткен ескі өмірдің,

Қызықсыз өткен өмірбаянымыз.

 

Жазылған жазмыштың кітабына,

Мұңды ақын мұнар күнін ұмытады ма.

Алқызыл жапырақтар өліп жатыр,

Асылып өзі туған бұтағына…

 

Жабылар аспан сынды ақыт – жанар,

Иегін сәті жетер уақыт қағар.

Құлайтын өзі туған топыраққа

Жапырақ,

Менен гөрі бақытты олар.

 

Жатқандай жанарында дала мұңы,

Тырнаның зарға айналып барады үні.

Құс қайтар шулап-шулап,

Шумақ-шумақ

Ажалдың секілденіп қара жібі.

 

Жабығып жадау тірлік әлемінен,

Бәрібір көкке асылып өлемін мен.

Белгісіз тұңғиыққа кетем ағып,

Өртеніп сағыныштың себебінен.

 

Тәрк еткен даңқ, байлық – алтыныңды,

Толғантсын тозған ұлдың нарқы кімді?!

Мен әйтеуір, саған қарай құлап өлем,

Туған жер, сен көрсін деп жарқылымды.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ескі шарбақ,

Ескі шатыр,

Мұжық там,

Шылым сұрап шегем көрші Мужыктан.

Кеш батады көлеңкесі көлбеңдеп,

Тағы атады бір күдікпен сызып таң.

 

Маған несіп тірлік солай…

Жаратқан!

Әлдебір үн тұншығады шанақта.

…есек жеккен шал өтеді арбамен,

Жол жатады қара аспанға шаңы атқан.

Тыңда мені,

Тыңда мені, тіршілік!

Арманым бар мың жамалған,

Мың сынып.

…бауырына басын тыққан адамдар,

Адамдар ол – тым суық.

 

Көктем – өлең басып өткен әр ізді,

Қарашаның қары жапқан тәрізді.

Бұл халыққа менің шайырлығымнан,

Шайлық қамы маңызды…

 

Біз шырқаған туған жерде таныс ән –

Соны аңсаймын,

Соған қарай тағы ұшам.

Жете алмаспын,

Ал, ендеше өзімді

Шегіп, шегіп,

Ішіп, ішіп тауысам.

 

…Өмір енді еркелетпес «балдыз» ғып,

Кеудеме кеп орнап қалған бар мұздық –

Жусан иісті сағынышым және де

Атажұртта аңыраған жалғыздық…

 

АЙДАЙ НҰРЛЫ ЖАН ЕДІҢ-АУ

Бозарған Ай,

Қара аспанда баяғы…

Ойсыз, мұңсыз бара жатыр жай ағып.

Мен ояумын,

Әйнегіме асылып,

Сүт сәулесін жаяды.

 

…Өрекпімей өткен емес еш түнім,

Ту алыстан дауысыңды естідім.

Он сегізбен бір қиырда қалса да,

Су жаңа боп оралады ескі мұң.

 

Өткен өмір, өткен елес,

Жоқ өлген!

Ертең қайта бас көтерер тереңнен.

Жаңарған да дәнеңе жоқ мен үшін,

Мен үшін де ештеме жоқ көнерген.

 

Ескі күннің есігінде – тас тығын,

Тарқамаған бірақ көңіл мастығы.

Баяғыдай терезеңнің алдынан,

Ән сап өтер жастығым.

 

Әттең, соны сезесің бе

(ділгірмін),

Сусып түсер алақаннан  шылбыр – күн.

Құстөсекте сен жатарсың хұсни,

Жамалыңда көлеңкесі бір мұңның.

 

…Кірпігіңе тамшы ілінді,

О, неге?!

Сол бір әнді қайталағың келе ме.

Айдай нұрлы жан едің-ау бір кезде,

Айдай салқын болатынсың және де…

 

ҚАҢҒЫБАС

Айқасын аспандағы бұлт үдетіп,

Көктем ғой…

құйды жаңбыр сіркіретіп.

Келесің Алматының көшесінде:

Кір шекпен,

Қырсыз шалбар,

Жыртық етік.

 

Тәніңді өткен қыстың сызы қарып,

Тамшылар самайыңнан сызып ағып.

Тұрасың сыйларыңды кімге білмей,

Мамырдың майда гүлін үзіп алып.

 

Нөсерді нөпір-нөпір құтқа балап,

«Алланың нұры,– дейсің – ұмытпа, қарақ!».

Жасынның жарқылынан ыға қашқан

Күлесің жұртқа қарап.

 

Жапырақ – бұл қаланың сәні де олар,

Көзінде тамған жастың табы қалар.

Күлшеңді көк кептерге бөліп берсең

Қалтаңды сыған әйел қағып алар.

 

Даңғылдар даңғазаға жиі есірген,

Сөйлемдей жұда болған жүйесінен.

Барлығын адамдардың аяйсың сен,

Барлығын қанаттының сүйесің сен.

 

Бура бұлт,

Бозінгендей бозда ғалам,

Жарылсын кеудем менің сөз қамаған.

«Сен» мен боп, мен «Сен» болып өмір сүрем,

Тағдырдың талқысында тозған адам.

 

ӨТЕДІ ӨМІР

Өтеді өмір,

Өтпейді деп ойлама,

Оған бола жаныңа мұң байлама.

Кеудем толы үміт болған бір кезде –

Мен де сендей жігіт болғам, ей, бала!

 

Күн секілді шуақ шашып күлгенбіз,

Жастық деген жұмақты ашып

кіргенбіз.

Есімнен еш кетпейді де тұрады,

Қызыл-сары гүл құшақтап жүрген қыз.

 

Қызды сүйдім,

Сүйдім және мен гүлді,

Қазан ұрып,

Қараша кеп солдырды…

Бәрі семіп,

Сөнеріне бәрінің

Самайыма қонған қырау сендірді.

Қайран сол шақ,

Арнасы – айдын, жаға – ну,

Мың бұлқыну,

Мың сабылу,

Жаңару…

Көктем исі бұрқыраған төсінен

Енді маған жолықпайды сол ару.

 

Қалды кімге,

Кетті кімге ұрынып,

Жаз жамалын көрсетпейді ол бұлылып.

Жосалы ауыз бөрі сынды жүрегім,

Көкке қарап шағынады мың ұлып.

Өтеді өмір,

Өтпейді деп ойлама…

 

ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕЛІҢ СЕНІҢ

Желтоқсан,

Желің сенің желөкпе ме,

Лашығым болды саған керек неге?!

Жабысып тереземе ызыңдайсың

Ұлисың жұртта қалған төбеттердей.

 

Жатқандай маң далаға сөзің өтіп,

Алғансың бір бәлеге өзің бекіп.

Беймаза дүниенің қыл ішегін,

Тартасың уілдетіп, безілдетіп.

 

Жалғызбын.

Білтелі шам қарауытып,

Жарықты жалқын ақшам алады ұтып.

Топырақ,

 О, топырақ,

Туған топырақ!

Естілмей бара жатыр хабарың түк.

 

Жанымды менің нәзік қыстай қарып,

Жалған дүние қолымен ұстайды анық.

Кеуде деген қапасты тас-талқан ғып,

Жүрегім ұшып кетсе құсқа айналып.

 

Аязың аттан түспей тұрғанда нық,

Желтоқсан, сен билейсің бұлғаң қағып.

Жүрегім құсқа айналып ұшып кетсе,

Кіп-кішкентай қанатын жылдам қағып.

 

Ғарып қала қарасын қанша аларып,

Қара аспанның кетсе де моншағы ағып,

Жүрек-құс самғай ұшып,

Талмай ұшып,

Бабамның моласына қонса барып…

 

Жатқандай маң далаға сөзің өтіп,

Алғансың бір бәлеге өзің бекіп.

Санамда сартап болған сағыныштың

Тартасың қыл ішегін безілдетіп

Желтоқсан, желің сенің желөкпе ме?!

 

АРБАТ

Сан ойдың санамда көп сауалы бар,

Қаңғыбас – кезбе тірлік маған ұнар.

Алматы қанша жұмбақ болғанымен,

Арбат деп аталатын алаңы бар.

 

Қажытқан қайқаң өмір, үй тірлігі,

Көремін есалаң мен «сүйкімдіні».

Мұнда бар аластайтын сыған әйел,

Мұнда бар музыканың сиқырлы үні.

 

 Көгершін қанаттарын желге керіп,

Дән іздеп дамыл алмай сенделеді.

Әлдебір алаңғасар азияттық,

Билейді жалын шашып дөңгеленіп.

 

Жан-жағың қызыл жалау,

Жасыл жалау,

Арбат бұл арнасынан тасынған-ау.

Қыз жатыр қылығымен көзіңді арбап,

Мұз жатыр Алатаудың басында анау.

 

Аштықтан аласұрып, іші жанған,

Оралар балағыңа күшік-арман.

Масалаң машинист кеп мазаңды алар,

Егіншің екіленіп ішіп алған.

 

«Итіндей» Есениннің таңдарға ұлып,

Алды ма тағдыр – шалды шамдандырып.

О, Байрон,

О, Шекспир, қайран Абай…

Кітаптар жылайды олар шаң жамылып.

 

Алматы биік еді еңсең неден?..

Алматы аласа еді еңсең неден?!

Даңғылда Фурманов деп аталатын

Даланың даналығы кемсеңдеген…

 

Біз-дағы соңғы өлеңбіз,

Ақырғы әнбіз.

Желкені желге сынған пақырлармыз.

Қасына шақырады мына мені,

Матаға сурет салып отырған қыз.

 

– Еһ, ағай, самайдағы ақ қанық неден?

Көзіңнен көлбеп жатқан табыт көрем.

Ақынсың?

Мықтағанда адамсың-ау,

Бәрібір суретіңді салып берем.

 

Суреттер: егістіктер, сарай, құмдар,

Сұрапыл толқындар мен ақ айдындар.

Ақшамдар алабұртқан,

Тылсым түндер,

Жапанда кісінеген қара айғырлар.

 

Сеземін, соңым – соқпақ, алдым – дауыл,

Аңқымас бозаң жусан, шалғын, жаңбыр.

Суреттер – қылқаламнан ағып түсіп,

Бояу боп тұнып қалған  тағдырлар бұл!

 

Суреттер жанарының нұры сынған,

Бұлқынар Алматының уысында.

Әлемнің әсемдігі көшіп келіп,

Арбаттың тұр болымсыз бұрышында.

 

Үнсізбін.

Бояу-ғұмыр санамды алған,

Қорқамын тобыры көп алаңдардан.

Мен – мұңмын,

Мен – қайғының суретімін,

Алладан басқа ешкім де сала алмаған.

 

…Алматы қанша жұмбақ болғанымен,

Арбат деп аталатын алаңы бар.

 

“Қазақ әдебиеті” газетінен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Linda Barbara

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Vestibulum imperdiet massa at dignissim gravida. Vivamus vestibulum odio eget eros accumsan, ut dignissim sapien gravida. Vivamus eu sem vitae dui.

Recent posts

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС

БАҚҰЛ БОЛ, ДОС (Ермұрат Зейіпханұлының қазасына) ...Тірлік солай тәмамдалады екен ғой, Ғаріп дүние қаран қалады екен ғой. Ажал деген өле сүйген өмірді Адамды алады екен ғой. Охо, менің ай маңдайым,...

Мұрат Шаймаранның мерейтойлық жыр кеші өтті

Алматы қарашасының соңғы жұмасы, кеше Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай...

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов лауреат атанды

Мұрат Шаймаран мен Тынымбай Нұрмағанбетов Нәжімеденов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды Бүгін Қазақстан жазушылар одағында Атырау облысы мен Жазушылар одағы бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия...

Ұмтыл Зарыққан. Жасыл түнмен тысталған кітап

Жақсы көріп оқитын жазушыларымның бірі Орхан Памуктің «Бір күні өмірімді өзгерткен кітап оқыдым» деп ақтарылғаны бар. Ауыр ма, жеңіл ме? Жақсы ма, жаман ба?...

Жолдасбек Мамбетов. Мұрат Шаймаранның лирикасы

Еліміз тәуелсіздік алғасын атамекен Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып,...

Recent comments